Күріш су бетіне шыққан кезде жиі өскен жердің өскінін сирек тұсқа
көшеттейтін. Сөйтіп ол кісінің күріш атыздарында алақандай жер де бос
болмайтын. Төбеден қарасаң жер көрінбейді, жанынан қарасаң ине өтпейді.
Адам қаншалықты күшті, құдіретті болғанымен ол өз шыңына шығу үшін
оған соншалықты көптеген қолдаушылар, жәрдемшілер, көмекшілер,
кеңесшілер, тілектестер, бапкерлер керек. Ыбекеңе тағдыр осының бәрін
оңынан кездестірді. Әсіресе, диқанның өмірлік бригадирі Қойшыбай
Оразымбетов пен білгір, жаңашыл агроном Әнес Алтынбековтің еңбегі
ерекше. Күріш жөніндегі ғылымды дамытуда, тәжірибені жетілдіруде,
агротехниканы қалыптастыруда Ыбекеңнің, Әнекеңнің, Қойшыкеңнің бірігіп
атқарған жұмыстары бір ғылыми-зерттеу институтының қызметіне пара-пар.
Ыбекеңнің шәкірттері көп. Олар ақ күріштен еңбегі жанып, бақытын тапқан
жандар. Қарт диқанның құтты жолымен, ақ батасымен облыстағы 91
Социалистік Еңбек Ерінің, 35-і Шиелі ауданынан тәрбиеленіп шықты...